Павлодарлық полиция қызметкерлері Тәуелсіздік күнін балалар үйінің тәрбиеленушілерімен тойлады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды іс» акциясы аясында Мичурин балалар үйінің тәрбиеленушілері ішкі істер департаментінде болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарлық полиция қызметкерлері Тәуелсіздік күнін балалар үйінің тәрбиеленушілерімен тойлады

Әдетте, полицейлердің өзі балаларға қонаққа баратын, бұл жолы балалар ІІД басшысы Марат Қожаевтан жеке шақырту алды. Жасөспірімдер Даңқ музейіне барып, түпнұсқа құжаттар мен түрлі тарихи кезеңдердегі қылмысқа қарсы күресте қолданған жарақтармен танысты.

Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері балаларға полиция қызметкерлері өз қызметінде қолданатын арнайы құралдармен таныс етті. Қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін жасап көрсетті.

Департамент ғимаратына серуендеген балаларды мерекелік дастархан күтіп тұрған еді. Полиция қызметкерлері - Тәуелсіздік құрдастары балаларға шана, коньки, шаңғы және тәттілерді тарту етті. Сондай-ақ, балалар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты.

Тәуелсіздік жылдары Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы облыстың қалалары мен елді мекендеріндегі тәртіпті сақтауда ерен еңбек атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 20 полиция қызметкері «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Салтанатты шара полиция қызметкерлері күштері мен Мичурин балалар үйінің тәрбиеленушілері дайындаған мерекелік концертке ұласты.