Павлодарлықтар Астана күнін тойлап жатыр
Қаланың он алаңында концерттер, ойын-сауық бағдарламалары, «Батыр» стадионында, шахмат үйі мен «Зеленая роща» шаңғы базасында жеңіл атлетика бойынша мерекелік турнирлер, «Қазақ күресі», веложарыс, дойбы және шахмат бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Қалалық мәдениет саябағындағы мерекеге жаңбырға қарамастан, көп адам барды. Мұнда Павлодар облысының этномәдени орталықтары «Астана - жердің кіндігі, елдің бірлігі» концертін ұсынды.
«Біздің облыстық ассамблея қазақстандықтар мен Елорда тұрғындарын Астана күнімен құттықтайды, - деді облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев. - Елордамыз жылдан жылға көркейіп келеді. Астананың өркендеуін тілейміз. Этномәдени орталықтарының шығармашылық ұжымдары өз әндерін сүйікті астанаға арнап, кең тойлап жатыр. Астана күні қарсаңында біздің этномәдени орталықтардың вокалды, хореографиялық және музыкалық ұжымдарының есептік концерті өтті. Үздік номерлер бүгін саябақ сахнасында көрсетілуде», деп атап өтті С.Жетпісбаев.
«Астана - болашақ қаласы» мерекелік концерті Естай атындағы мәдениет үйінде өтті. К.Әбусейітов атындағы мәдени орталыққа азаматтарды «Все песни о тебе, моя столица!» концертіне шақырды. Онда ҚР Президентінің сүйікті фильмі «Весна на Заречной улице» көрсетілді.