Педагог кадрлар қажеттігін болжау әдістемесі қолданысқа енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы педагог кадрлар қажеттігін болжау әдістемесі қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Үкімет басшысының атап өтуінше, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, педагог кадрлардың қажеттілігін болжау Еңбек ресурстарын болжау ұлттық жүйесі аясында жүзеге асырылады.
- Сонымен қатар қазір Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, педагог кадрлар қажеттілігін болжау әдістемесі жобасын әзірлеп жатыр. Бұл әдістеме білім беру жүйесін оқушыларға сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру міндетін орындауға қажетті педагог кадрлармен қамтамасыз ету деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Аталған әдістемені 2026 жылы қолдану жоспарланып отыр, - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін педагогтер мен білім беру ұйымдары басшылары қызметінің тиімділік рейтингін енгізу жұмысы жүргізіліп жатқанын жазған едік.