Педагогтерді қорғау: оқушының мектептен тыс уақытына ата-ана жауапты болады

АСТАНА. KAZINFORM — Педагогтер балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде жауапты болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

оқушы
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Заң үш блоктан тұрады. Біріншісі — жауапкершілік мәселесі. Президент Тамыз кеңесінде ұстаздар оқушылардың қауіпсіздігі үшін тек оқу-тәрбие процесі және лауазымдық міндеттерін орындау аясында ғана жауапты болуы керек екенін атап өтіп, осыны заңнамалық тұрғыда реттеуді тапсырды. Бұл шын мәнінде үлкен мәселе. Былтыр елімізде резонанс тудырған бірнеше жағдай болды. Жазда кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар құқық бұзу әрекетіне барған, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларға тап болған. Сол кезде олардың жанында мұғалімдер болмады. Педагогтер демалыста, үйлерінде болды, себебі каникул кезі еді, яғни жұмыс уақытынан тыс мерзім. Бірақ соған қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдер жазаланды, тіпті жұмыстан шығаруға дейін барған. Әрине, бұл — әділетсіздік, — деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда ол заңға нақты норма енгізілетінін, педагогтер балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болатынын атап өтті.

— Жазғы демалыс, түнгі уақыт, демалыс күндері — ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс, яғни педагогтерді осылай қорғаймыз, — деді депутат.

Бұған дейін педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың қандай тетіктері бар екенін жазған едік.