Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын өткізу қағидалары жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі 2026 жылғы 29 мамырдағы бұйрықпен педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ педагог қызметін курстан кейінгі сүйемелдеу қағидаларына өзгерістер енгізді.

педагогті аттестаттау
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жаңа талаптарға сәйкес, біліктілікті арттыру курстарын білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдар өткізеді. Мұндай ұйымдарда курстың білім беру бағдарламасы бағыты бойынша кемінде үш жыл еңбек өтілі бар тренер-оқытушылар жұмыс істеуі тиіс.

Сонымен қатар тренер-оқытушылардың кемінде 40 пайызы ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор немесе магистр дәрежесіне ие болуы қажет. Бұл талапқа «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаты бар педагогтер мен тиісті саладағы кәсіпорындар және ұйымдарда еңбек ететін мамандар да сәйкес келеді.

Қашықтан немесе аралас форматта оқыту жүргізетін ұйымдардың оқу процесін басқару жүйесі (LMS) туралы мәліметтер орналастырылған интернет-ресурсы болуы керек. Сонымен бірге олардың санитариялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі нормаларына сай келетін материалдық-техникалық базасы болуы тиіс.

Курстар барысында ұйымның шешімімен өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының өкілдері жекелеген дәрістер оқуға және практикалық сабақтар өткізуге тартылуы мүмкін.

Қағидаға сәйкес, курстар үш форматта өткізіледі:

  • жұмыстан қол үздіріп, жалақысы сақталатын күндізгі форматта;
  • жұмыстан қол үзбей қашықтан;
  • күндізгі және қашықтан оқытуды ұштастыратын аралас форматта.

Қашықтан және аралас форматтағы оқу LMS жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйеде тыңдаушының жеке кабинеті, оқу және бағалау материалдары, сабақ кестесі, сондай-ақ курстан кейінгі сүйемелдеу материалдары орналастырылады.

Құжатта LMS оқу процесін басқаруды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе ретінде айқындалған.

Курстардың ұзақтығы кемінде 36 академиялық сағатты құрайды. Бір академиялық сағаттың ұзақтығы — 45 минут.

Оқу аяқталғаннан кейін ұйым білім беру бағдарламасына сәйкес қорытынды бағалау өткізеді. Бағалаудан сәтті өткен тыңдаушыларға қағаз немесе электрондық форматта сертификат беріледі.

Электрондық сертификат міндетті түрде QR-кодпен рәсімделіп, педагогтердің бірыңғай деректер базасы арқылы верификациядан өткізілуі тиіс. Мұндай жағдайда қағаз сертификат беру талап етілмейді.

Біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымдарының тізіліміне енгізілуі қажет.

Білім беру ұйымдары жыл сайын келесі күнтізбелік жылға арналған педагогтердің біліктілігін арттыру жоспарын әзірлеп, өтінім дайындайды. Өтінімдер 1 маусымға дейін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, ал республикалық білім беру ұйымдары үшін уәкілетті органға жолданады.

Білім бөлімдері ұсынылған өтінімдерді қарап, педагогтердің біліктілігін арттыру жоспарын қалыптастырады және оны жыл сайын 1 шілдеге дейін білім басқармаларына ұсынады.

Өз кезегінде білім басқармалары алдағы қаржы жылына арналған өңірлік жоспарды әзірлеп, педагогтерді курстарға бөлу жөніндегі ұсыныстармен бірге оны 1 қыркүйекке дейін уәкілетті органға жолдайды.

Педагогтер кәсіби құзыреттерін жетілдіру мақсатында біліктілікті арттыру курстарынан мемлекеттік бюджет есебінен де, өзге қаржыландыру көздері арқылы да өте алады.

Бұйрық 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Оның жекелеген нормалары 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында педагогикалық білім берудің жаңа моделін әзірлеуді тапсырған болатын.