Педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымдарына оқыту нәтижелері үшін жауапкершілік енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымдарына оқыту нәтижелері үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.
— Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларына сараптамалық қорытынды беру Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, сараптама рәсімінің объективтілігі мен ғылыми негізділігін қамтамасыз ету мақсатында курстардың білім беру бағдарламаларына сараптама жүргізу функциясын министрліктің Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының құзыретіне беру мәселесін пысықтауда. Осыған орай қазіргі уақытта министрлік қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызмет аясында білім беру бағдарламаларына ақылы негізде сараптама жүргізу мәселелері көзделген, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет «Электрондық үкімет» порталымен интеграцияланып, министрліктің ресми интернет-ресурсы арқылы ұсынылады.
— Сондай-ақ педагогтердің меңгерген құзыреттерін практикада қолдануын бақылауды және біліктілікті арттыру ұйымдарының оқыту нәтижелері үшін жауапкершілігін бекіту мақсатында тыңдаушыларды курстан кейінгі сүйемелдеу тетігі күшейтіледі. Министрлікпен курстан кейінгі сүйемелдеуді LMS-платформаға енгізу жоспарланған. Бұл ретте құзыреттерді қолдану дәлелдерін орналастыру, педагогтердің кәсіби қажеттіліктерін диагностикалау құралдарын кеңейту, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып сабақ жоспарлау бойынша кері байланыс беру, педагогтердің кәсіби қызметінің нәтижелерін мониторингтеу құралдарын (сабақтарға бақылау жүргізу және білім алушылардың білім нәтижелеріне әсерін бағалау) пайдалану көзделеді. Бұл біліктілікті арттыру ұйымдарымен іске асырылатын бағдарламалардың тиімділігі үшін жауапкершілігін арттырады, — деді ол.
Аида Балаеваның атап өтуінше, қазіргі кезде Министрлік Жоғары аудиторлық палатаның пәндік құзыреттер бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқамасын орындау аясында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бұған дейін елімізде орта білім сапасын тәуелсіз бағалайтын ұлттық зерттеу орталығын құру мәселесі пысықталатынын жазған едік.