Пентагон АҚШ есірткі тасымалдаушы деген күдікпен атқылаған кемелерге қатысты жәйттерді тексеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қорғаныс министрлігінің бас инспекторы америкалық әскери күштердің Оңтүстік қолбасшылығының есірткі контрабандасына қарсы операцияларына байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.
Пентагон мәліметінше, өткен жылдың күзінен бері Оңтүстік қолбасшылық Кариб теңізі мен Тынық мұхиты арқылы есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген 59 кемені жойған.
Осы операциялар кезінде 193 адам қаза тапқан.
Пентагонның ішкі бақылау қызметі соққы жасау кезінде пайдаланылған барлау мәліметтері мен нысаналарды анықтау тәсілдерін тексереді.
Сондай-ақ есірткі картельдеріне қарсы жүргізілген операциялардың өзге де қырлары зерттеледі.
Америкалық шенеуніктің айтуынша, тергеудің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.
Тексеру жұмыстары Пентагонда және Майамидегі Оңтүстік қолбасшылықтың штаб-пәтерінде жүргізіледі.
АҚШ Конгресіндегі көптеген заң шығарушы, оның ішінде бірқатар республикашыл саясаткер бұл операцияларды сынға алып отыр.
Олар аталған әрекеттердің заңдылығына күмән келтіріп, бақылауды күшейтуді талап етуде.
Пентагон дерегіне сәйкес, мамыр айында Оңтүстік қолбасшылық үш операция жүргізген.
Осыған дейін Пентагонның атауын өзгерту 2 млрд доллар шығынға түсуі мүмкін екені туралы жаздық.