Перуде магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісінен бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Перуде магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі салдарынан бір адам қаза тауып, тағы он адам жарақат алды. Жерасты дүмпулері ел астанасы Лимада және Уанкайо қаласында да сезілді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Сикая қаласынан оңтүстік-батысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Ошақ 10 шақырым тереңдікте тіркелген.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаза тапқан адам Хунин өңірінің Чонгос-Бахо ауданында тіркелген. Тағы он адам түрлі жарақат алған.
– Хунин өңірінде медициналық мекемелердің бірінің инфрақұрылымы зақымданды. Сонымен қатар Эль-Кармен өңірлік ана мен бала ауруханасының балалар жансақтау бөлімінде жарықтар пайда болды, – деп хабарлады басылым.
Ұлттық төтенше жағдайлар комитетінің (COEN) мәліметінше, жер сілкінісінен кейін зардап шеккен бірқатар ауданда электр энергиясы уақытша үзілген.
Әлеуметтік желілерде Перу тұрғындары күшті жер сілкінісін сезінгендерін жазды. Қауіпсіздік мақсатында тұрғындардың бір бөлігі тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттардан эвакуацияланды.
Айта кетейік, бүгін Иранның оңтүстік-батысында да 5 балдық жер сілкінісі болды.