Петропавл әуежайы жанынан жаңа логистикалық хаб ашылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Үкімет Петропавл қаласы әуежайы маңында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының жаңа субаймағын құру бастамасын қолдады.

Петропавл әуежайы жанынан жаңа логистикалық хаб ашылады
Фото: СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бұл мәселе 19 мамыр күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

Жоба Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және заманауи авиациялық хабтар қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынып отыр.

Үкімет басшысы өз сөзінде Президент Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау міндетін қойғанын атап өтті.

Петропавл қаласының әуежайы базасында құрылатын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №8 субаймағы заманауи көлік-логистикалық орталыққа айналмақ. Жоба аясында қойма инфрақұрылымын дамыту, өнімдерді өңдеу, экспорттық логистика және халықаралық жүк тасымалын жетілдіру көзделіп отыр.

Жаңа субаймақ СҚО-ның экономикалық дамуына серпін беріп, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Басқарма мамандарының айтуынша, жоба «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту бағытындағы жұмыстар аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұған дейін Петропавл әуежайы жүк әуе рейстерін қабылдауға, жүктерді қайта тиеуге және логистикалық қызметтердің кең ауқымын көрсетуге қауқарлы екенін жазған едік.