Петропавл әуежайы жаңғыртылғаннан кейін заманауи ұшақтарды қабылдай алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитеті әуежайларды жаңғырту және қайта жаңарту мемлекеттік бағдарламасының аясында «Петропавл қаласының Халықаралық әуежай» АҚ ұшу-қону жолағын қайта жөндеу барысы тексерілді.
ҚР Үкіметінің резервінен құрылыс жұмыстарына 4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен. Электрондық байқау нәтижесі бойынша бас мердігер болып «К-Жолқұрылыс» компаниясы танылды.
Аэродромдық жамылғы, ұшу-қону жолағының жасанды жамылғысы, перронның рулеждік жолын жаңғырту және ОВИ-1 жарық дабылды жабдығын орнату бойынша құрылыс жұмыстары 28 шілдеде басталған болатын.
Жобада 10 см асфальт бетонды қалыңдықпен қазіргі жамылғыны нығайту, оны 300 м-ге ұзартып, 18 м-ге кеңейту, рулеждік жолақ пен перронды қайта жаңарту көзделген. Ұшу-қону жолағын жөндегеннен кейін А-320-200, А-310-300, Боинг-767-200/300, Боинг-757-200/300 әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға мүмкіндік туады.
Технологиялық талаптарға байланысты жұмыс 2 кезеңге бөлінген, бірінші кезеңде ұшу-қону жолағы мен дренаждық жүйені жөндеу жоспарлануда. Жұмыстың басталуына байланысты Петропавл әуежайында ұшырылым тоқтатылды. Жұмыс 2016 жылы аяқталады.
Сонымен қатар, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті бас мердігермен бірлесіп жұмыс сапасында зиян келтірмей, жөндеу мерзімдерін қысқарту бойынша барлық ықтимал шараларды қабылдауда.