Петропавлда абаттандыру ережесін бұзғандар биыл 1,8 млн теңге айыппұл төледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 12 сәуір күні жалпықалалық ауқымды сенбілік өтеді.

қоқыс
Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Петропавлда қоқыс мәселесі өзекті. Былтыр су тасқынынан зақым келген шағын аудандарға ғана емес, жалпы қала бойынша шашылған қоқыс көп. 

Петропавл қаласы әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, былтыр тасқыннан кейін 1800-ден астам үй бұзылып, 320 мың тонна қоқыс шығарылған. 

- Аулалардың, көшелердің және кәсіпорындарға іргелес аумақтардың маңайы шашылып жатыр. Кәсіпорындар мен дүкендердің басшыларын өз аумақтарын жөнге келтіруге шақырамын. 

Тағы бір мәселе қоқыс контейнерлерінің маңына ескі жиһаз, құрылыс материалдарын тастау. Мұндай габаритті қоқысты тұрғындар арнайы көлік жалдап, полигонға өздері шығаруы керек. Ал пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестіктері мұны қадағалаулары керек, - дейді қала басшысы.

Абаттандыру ережесін бұзғандарды анықтауда полиция рейдтер жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 1764 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1656 жеке тұлға және 108 заңды тұлға. Олар 1,8 млн теңге айыппұл төледі.

Бұған дейін Есіл бассейнінің су айдындарында балықтың кей түрлерін аулауға уақытша тыйым салынғанын жаздық. 

Соңғы жаңалықтар