Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Петропавлда алаяқтарға курьер болған 20 жастағы жігіт 3 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Петропавлда алаяқтық схемаға қатысқан 20 жастағы елордалық тұрғын үш жылға бас бостандығынан айырылды.

сот
Фото: pixabay

Тергеу материалдарына сәйкес, жас жігіт Telegram желісінен «жеңіл жұмыс» туралы хабарландыру көріп, алаяқтардың ұсынысына келіскен. Осы мақсатта ол арнайы Петропавлға барған.

Алаяқтар егде жастағы тұрғындарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, олардың жақындары жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтқан. Қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін ақша қажет деп сендірген.

Осылайша Петропавлдың үш тұрғыны алаяқтарға 1-ден 3 миллион теңгеге дейін ақша берген. Қолма-қол қаражатты такси жүргізушілері күмәнді «сәлемдеме» ретінде жеткізген. Олар жүктің қылмыстық схемаға қатысы барын білмеген.

Ал ақшаны қабылдап, кейін оны белгіленген жерге апару міндетін 20 жастағы жігіт атқарған. Өткен жылдың 8 және 9 қыркүйегінде ол үш «сәлемдемені» қабылдап, оларды бұталардың арасына және қоқыс жәшіктеріне жасырған.

Полицияға алғашқы арыздар түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу барысында оның қылмысқа қатысы дәлелденді.

Сот жас жігітті кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған келтірілген залалды ішінара өтеу міндеті жүктелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «жеңіл жұмыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сақ болуға шақырды. Заңсыз жолмен табыс табуға ұмтылу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Еске салайық, Астанада есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың мүшелері сотталғанын хабарлағанбыз.