Петропавлда алты оқушы қыз қатарласын бопсалап, ұрып-соққан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда әлеуметтік желіде оқушы қызды бірнеше жасөспірім қыздың қорқытып, күш көрсеткен бейнежазбасы тарады.

Оқиға былтыр 31 тамызда болған екен.
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы осы жайтқа қатысты ресми ақпарат берді.
— Кәмелет жасқа толмаған қыз балаға қатысты бопсалау және буллинг белгілері бар бейнежазбаны мектептің әлеуметтік педагогі әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықтады. Мектеп әкімшілігі бұл туралы биыл 12 мамырда ақпарат алғаннан кейін, өз құзыреті аясында дереу әрекет етіп, құқық қорғау органдарына хабарлады. Мектепте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кезектен тыс Кеңес отырысы өтіп, оған мектеп инспекторы да қатысты. Осы оқиғаға қатысы бар 6 жасөспірімге қатысты материалдар жедел жиналып, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Қазіргі уақытта осы оқушыларды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қаралып жатыр, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, осы факт бойынша уәкілетті құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зардап шеккен оқушымен педагог-психолог жұмыс жүргізе бастады.
— Бұл оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау) Петропавл қалалық полиция басқармасының бірыңғай тергеу реестрінде тіркелді. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу қарастырылған, — делінген хабарламада.
Бұған дейін баласы буллингке ұшыраған ата-ана не істеу қажеттігі туралы заңгердің кеңесін берген едік.