Петропавлда «Ассамблея аруы-2015» байқауының жеңімпазы анықталды (ФОТО)
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күнінде «Ассамблея аруын» таңдады. Облыс орталығының алаңында өткен байқауға түрлі ұлттардың алты өкілі қатысты.
«Байқау 4 кезеңнен тұрды. Бірінші - таныстыру, екіншісінде қатысушылар ұлттық киімдерін көрсетті, үшінші кезеңде - ұлттық тағамдарды көрсетіп, солар жайлы әңгімелеулері керек болды. Төртінші, шығармашылық кезеңде қыздар ана тілдерінде ән айтып, би биледі. Қатысушылардың жасы 18-ден 30 жас аралығында болды. Басты сыйлық - «Ассамблея аруы» тәжі», - деді «Қоғамдық келiсім» КММ жетекшісі Дина Әбілмәжінова.
Байқау қорытындысы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлмира Танақұлова «Ассамблея аруы» атанды.