Петропавлда биыл отбасының шырқын бұзған 650-ден астам адам жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жыл басынан бері 38 әйел полицияның сенім телефонына хабарласып, мамандардың кеңесіне жүгінді.
Нәтижесінде олардың 16-сы кейіннен арыз жазып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы аясында Петропавлда іс-шара өтті. Полицейлер жастар ресурстық орталығының волонтёрларымен бірге ақ ленталар, «Мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсымын» деген жазуы бар автокөлік жапсырмалары мен ақпараттық буклеттерді таратты. Мақсат — тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг мәселесіне қала тұрғындарының назарын аудару.
Жыл басынан бері Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 654 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінде қалада 853 адам профилактикалық есепте тұр. Тәртіп сақшылары оларды тұрғылықты жері бойынша тексеріп қана қоймай, психологтармен кездесулерге шақырып, басқа да іс-шаралар өткізеді.
Тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері болған жағдайда полицияның сенім телефонына 8 (7152) 49-31-58 нөмірі арқылы, ал петропавлдықтар 8 (7152) 612-530 нөмірі арқылы хабарласа алатынын еске салады. Сондай-ақ «111» ұлттық сенім телефонына немесе «102» арнасына жүгінуге болады.
Бұған дейін Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1300-ден аса дерек тіркелгенін жазған едік.