Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Петропавлда бір аптада екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Биіктен құлаған екі бала да аман, қазір медициналық мекемеде тиісті ем алып жатыр.

5 жасар бала
Фото: Kazinform

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы оқиға 23 шілде күні Петропавлдағы Горький көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болды. Төрт жасар ұл бала үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған. Жарақаттанған бүлдіршін шұғыл түрде емдеу мекемесіне жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін хабарлады.

Екінші оқиға 25 шілде күні Петропавлдағы Назарбаев көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде тіркелді. Мұнда кәмелетке толмаған қыз бала бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған.

Оқиғадан кейін бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған жағдайдың себептерін анықтап жатыр.

- Тексеру нәтижесі бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғау мақсатында және тексеру аяқталғанға дейін өзге мәліметтер жарияланбайды, - дейді тәртіп сақшылары.

Мамандар ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Әсіресе жаз мезгілінде ашық тереза маңында балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын орнату және терезе маңына балалар шығып кетуі мүмкін жиһаздарды қоймау маңызды екенін еске салады.

Бұған дейін Атырауда жыл басынан бері 20 бала терезеден құлағанын жазған едік.