Петропавлда кәсіпкерлер үшін қазақстан-неміс жобасының таныстырылымы болды
Қазақстандағы халықаралық жобаның бас менеджері Нұрлан Мұқалиевтің айтуынша, «Назарбаев-Шредер жобасы» аталатын бұл бағдарламаның мақсаты - қазақстандық менеджер-өндірісшілердің басқару машығын қалыптастыру. Жоба бизнес өкілдерінің бірнеше ай бойы әуелі Қазақстанда оқып, одан кейін Германияда тағлымдамадан өтуіне мүмкіндік береді.
Кездесуде атап көрсетілгендей, бағдарлама үш кезеңді қамтиды: Қазақстанның бизнес орталықтарында, білім мекемелерінде оқу, содан кейін іріктеу жүргізіліп, бағдарламаға қатысушылар Германияда неміс кәсіпорындарында тағылмдада болады. Сөйтіп олар менеджмент жүйесі, жаңа технологиялар, басқару дағдылары жөнінде ақпараттар мен білімдер алады, неміс тарапымен байланысты жолға қоюға мүмкіндік турады.
Мұндай бағдарлама Ресейде, Украинада, Беларуста және Өзбекстанда жүзеге асырылуда. Қазақстанда бұл бағытта бес жылдан бері тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Кездесу аяқталғаннан кейін облыстық әкімдік, «Тұран-профи» халықаралық кәсіби академиясының бағдарламалар әкімшісі және Петропавлдың «Сила» тренинг орталығының арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Жаңа жылдан бастап Солтүстік Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері өз қалауы бойынша неміс немесе ағылшын тілдерінде жаңа технологияларды оқып үйреніп, өз білімдерін жетілдіруге кіріседі.