Петропавлда құрбандық малды қайда шалуға болады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда Құрбан айт күндері мал союға болатын арнайы орын белгіленді.
Биыл да Петропавлда осы мақсатта бір ғана мал сою алаңы жұмыс істемек. Құрбандық малды Жұмысшы кенті, Космонавтар көшесі, 1 мекенжайындағы қасапханада шалуға болады.
«Қызылжар» облыстық орталық мешітінің мәліметінше, құрбан шалатын орынның тазалығына, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптардың сақталуына мән беріліп отыр.
— Халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмысы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар — дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар, — дейді Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Әділбеков.
Дін мамандарының айтуынша, құрбандыққа шалынатын мал мінсіз әрі шариғат талаптарына сай болуы маңызды.
— Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалуға болады. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін қосылып шалуға болады. Сондай-ақ, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Сондай-ақ қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт, — дейді Хамзат Әділбеков.
Бұған дейін Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айт қарсаңында мал бағасын көтермеуге шақырғанын жазған едік.