Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айт қарсаңында мал бағасын көтермеуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл мерекенің бірінші күні 27 мамырға сай келіп отыр. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен баспасөз конференциясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

бас мүфти
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның сөзінше, Құрбан айтта қайырымдылық, адамгершілік тәрізді құндылықтар көрініс табуы керек.

ҚМДБ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, құрбандық етін көмекке мұқтаж жандарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру, отбасын қуанышқа кенелту сынды амалдар — дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Сонымен бірге, ол Құрбан айт қарсаңында мал бағасын қымбаттатпауға шақырды.

Наурызбай қажы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматты Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін, — деді Бас мүфти.

ҚМДБ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт іске қосылғанын жазғанбыз.