Петропавлда немерелері әжесінің өсиетін сот арқылы жарамсыз деп таныды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласының № 2 сотында өсиетті жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қаралды. Дау мирасқа қалтырылған пәтерге қатысты туған.

суд, судья, сот
Фото: freepik.com

Соттың мәліметінше, талап арызды қайтыс болған әйелдің немерелері берген. Өсиет бойынша, марқұмның пәтері оның күтушісіне мирасқа қалдырылған еді.

Сот отырысы барысында қайтыс болғаннан кейінгі сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, невропатолог, психиатр және кардиолог мамандарының қорытындылары ұсынылды. Сараптама нәтижелері талап қоюшылардың дәлелдерін растады: өсиет жасалған сәтте әйел өз әрекеттерінің мәнін толық бағалай алмаған.

Тараптар сот процесі барысында өзара тиімді шешімге келіп, медиациялық келісім жасасты. Келісімнің шарттары тараптардың ешқайсының құқықтарын бұзған жоқ. Өсиеттің жарамсыз деп танылуына байланысты мұрагерлік заң бойынша жүзеге асырылатын болды.

Сонымен қатар, күтушінің марқұмға қарызын немерелері кешіруге шешім қабылдады. Олар қарызды күтушінің көрсеткен еңбегі мен қызметіне өтем ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ тараптар сот шығындарын да бір-бірінен өндіруден бас тартты.

Бұған дейін блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайына қатысты сот процесі басталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар