Петропавлда нөсер жауыннан кейін құтқару қызметіне 100-ден астам қоңырау түсті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жауын-шашын салдарынан 112  желісіне тұрғындар мен ұйымдар су басу туралы 100-ден астам қоңырау шалған.

Петропавлда нөсер жауыннан кейін құтқару қызметіне 100-ден астам қоңырау түсті
Фото: видеодан алынған скрин

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Петропавлда құтқарушылар су сорғызу жұмысына кірісіп кеткен. 

Ведомство бұл жұмысқа 18 мотопомпа және 36 қызметкерді бөліп, су сору жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. 

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында көше учаскелерін, аулаларды және кей үйлердің жертөлелерін су басты. 

– Жауынның салдарын жою үшін қазіргі уақытта апаттық қызметтер іске кірісті. «Қызылжар су» ЖШС және қалалық кәріздік тазарту құрылыстарының күштері – 20 шақты сорғысы бар техника, экскаватор, 30-дан астам мотопомпа және 80-нен астам адам жұмылдырылды. Тұрғындардың барлық өтініші қабылданып, кезекпен су сорғызу жұмысы жүргізіліп жатыр, - делінген ресми жауапта.

Ал әлеуметтік желі арқылы шағымданушылар қатары азаяр емес.  

Бұған дейін Петропавлда жаңбырдан кейін көше-үйлерді су басып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар