Петропавлда тәулікке жалға берілетін пәтерлерге қатысты талап күшейтілмек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Петропавлда тыныштықты бұзғаны үшін 688 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 151 дерек тәуліктік жалға берілетін пәтерлерге қатысты.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тыныштықты бұзу деректері артқан. Тәулікке жалға берілетін пәтерлер әдетте түрлі мерекелік басқосулар мен шулы кештер өткізу үшін жиі пайдаланылады. Тұрғындардан келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі де осындай нысандарға қатысты.
Соңғы жағдайлардың бірі Бөкетов көшесінде тәулікке жалға берілетін пәтерлердің бірінде болды. Мұнда жастар тобы түнгі уақытта қатты шулап, жұмыс күнінен кейін демалуға тырысқан көршілердің мазасын алған. Тұрғындар тәртіп сақшыларын шақыруға мәжбүр болды.
Осы мәселеге байланысты Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов пәтер жалдау бюроларының өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Жиын барысында жалға алушыларды бақылауды күшейту, тұрғындардың тыныштығын сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері құқық бұзушылықтардың жиі қайталануына байланысты пәтерлерді жалға берумен айналысатын алты бюроның атына құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде арнайы ұсынымдар жолданған.
Кездесу қорытындысында пәтер жалдау нарығы өкілдеріне азаматтарды орналастыру кезінде бақылауды күшейту, жалға алушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және олардың тұру қағидаларын сақтауын қамтамасыз ету ұсынылды.
Бұған дейін Жетісуда тыныштықты бұзған тұрғындар 40 миллион теңгеден астам айыппұл төлегенін жазған едік.