Петропавлда жолаушы тасымалдаушылар көшедегі автобустардың санын екі есе қысқартпақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қоғамдық көлік саны екі есе қысқаруы мүмкін. Жолаушы тасымалдаушылар шығынға батып жатырмыз деп қалалық мәслихат депутаттарына хат жазды.

«Солтүстік Қазақстан облысының Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семенованың айтуынша, биыл облыс және қала әкімдігімен әріптестік аясында 60 қосымша автобус сатып алынуы керек болған. Осы мақсатқа өңір бюджетінен 2 млрд теңге бөлінді. Алайда көктемгі тасқынға байланысты бұл қаражат басқа мақсатқа жұмсалып кеткен.
Бұдан бөлек биыл автотасымалдаушылардың шығынын жабу үшін облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген.
«Облыс және қала басшылығымен кездесуде тасымалдаушыларға мүмкіндігінше өз күштерімен автобус парктерін жаңалау ұсынылды. Сол жерде егер жаңадан автобустар алынса, субсидиялауға қосымша қаржы бөлінетіндігі келісілді. Бұл тасымалдаушылардың шығынын және жаңа автобустардың лизингтік төлемдерін жабуы тиіс еді. Биыл, қиындықтарға қарамастан, тасымалдаушылар 31 автобус сатып алды. Бұған дейін берілген 2,7 млрд теңге жыл соңына дейін барлық шығынды жабуға жетпей отыр. Осы жылды жабу үшін әлі 650 млн теңге және келер жылға 3,3 млрд теңге қажет», - дейді Галина Семенова.
Жылды шығынсыз аяқтауға жетпей тұрған қаражат берілмеген жағдайда жолаушы тасымалдаушылар қазір қала көшелерінде жүрген автобустар санын 50% қысқартпақ.
«Жергілікті бюджеттен толық қаржыландырылмағандықтан, тасымалдаушылар жанар-жағармайды қарызға алуға мәжбүр. Салдарынан кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлей алмаулары мүмкін. Бұл қаладағы қалыпты жолаушы тасымалына кері әсер етпек. Автобус саны қысқарса, жүргізушілер саны да қысқарады», - делінген хатта.
Қауымдастық төрағасы автобустарда тегін жүретін азаматтардың белгілі бір санаты үшін де Петропавл қалалық әкімдігі келісім бойынша қаражат төлемей отырғанын айтады. Субсидиядан бөлек берілуі тиіс қаражатты жолашу тасымалдаушылар маусым айынан бері алмаған.
Бұған дейін СҚО-да майдангерге Беларусь елінің медалі табыс етілгенін жазған едік.