Петропавлдағы 95 жылдық тарихы бар оқу орны соғыс жылдары 500-ден аса фельдшер даярлады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжде жеңістің 80 жылдығына орай «Соғыс жылдарындағы медқызметкерлер: ерлік пен мұра» атты конференция өтті.

Іс-шараға келгендер оқу орнындағы музеймен танысып, арнайы көрмені тамашалады.


Бұл оқу орны 1930 жылы Петропавл медициналық техникумы болып ашылып, 1939 жылы фельдшерлік мектеп болып қайта құрылды.

Колледждің ардагерлер кеңесінің төрағасы Людмила Трапезникованың айтуынша, оқу ордасының бай тарихы бар.

— 1941 жылы фельдшерлік бөлімге 180 адам, медбике бөліміне 22 адам қабылданды. Солардың 24-і үздік болғандықтан емтихансыз қабылданды. Сол жылы соғыстың басталуына орай түлектер емтихан тапсырмады. Бірінші күні 75 бойжеткен сұранып майданға аттанды. Медициналық колледждің көптеген түлегі — соғыс ардагері. Солардың бірі — Мария Китаева Становое ауылында фельдшер болып жұмыс істеп жүрген жерінен 1943 жылы соғысқа алынды. Ол Донбассты, Ворошиловградты, Тернополь, Житомир, Киевті жаудан азат етуге қатысты. Жеңісті санитарлық ротаның фельдшері болып жүріп Венада қарсы алды. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. Мұндай мысалдар көп, — дейді Людмила Трапезникова.

Колледждің тағы бір түлегі Базарбай Төлебеков 358 атқыштар дивизиясында санитарлық инструктор болды. Бір жылға жетпей Смоленск облысы Мышково елді мекенінің маңында қаза тапты. Жараланған жауынгерлерді машинамен апара жатқанда оларды фашистер атқылаған екен. Бұл туралы туған-туыстары тек 47 жылдан кейін ғана біліп, бауырластар зиратына жерленгенін білді.

— Біздің музейде Базарбайдың жеке заттары — конспектілері, соңғы хаты, әскерге шақыру құжаты сақталған. Оның барлығын 2015 жылы музейді құрғанда туыстары сыйлады. Бүгін іс-шара барысында Базарбай Төлебековтың жеке заттарының бір бөлігін облыстық тарихи-өлкетану музейіне бердік, — дейді колледж қызметкерлері.

Бұған дейін Петропавлда «Ұлы Жеңістің қадамы» атты көрме ашылғанын жазған едік.