Петропавлдағы Пестрое көлінде ер адам суға тұншығып, көз жұмды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда қалалық жағажайда мерт болған 62 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 21 маусым күні сағат 10:30 шамасында болған.
— Куәгерлердің айтуынша, жағажайда 1963 жылы туған ер адамның жағдайы кенеттен нашарлаған. Көмекке кезекшілікте болған жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келіп, реанимациялық шаралар жүргізді. Алайда дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қала алмады.
Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өліміне миокард инфарктісі мен жедел жүрек жеткіліксіздігі болуы мүмкін деген диагноз қойылды. Нақты себебін анықтау үшін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді, — дейді СҚО ТЖД ресми өкілі Марина Самойленко.
Маманның айтуынша, оқиға болған кезде жағажайда ТЖД жедел-құтқару жасағы мен коммуналдық жағажайдың 6 құтқарушысы кезекшілікте болған. Сондай-ақ, жүзу құралы және 3 қызметкері бар жедел медициналық жәрдем көлігі тұрған.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сот-медициналық сараптама қорытындысы шықты. Ер адамның тыныс алу жолдары суға толып бітелуі салдарынан тұншығып, көз жұмғаны анықталды.
Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Петропавлдағы ресми бекітілген жалғыз шомылу орнына қатысты соңғы кезде тұрғындардың наразылығы күшейіп келетіні туралы жазған едік.
Бұған дейін Қарағандыда жасөспірім суға батып кеткенін жазған едік.