Петропавлдық зауыт павлодарлық фермерлердің сүтін сатып алуға ниеттеніп отыр

фермерлер
Фото: Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ресейлік сүт зауыттары мен шекаралас өңірлердегі арзан шикізат бүгінде жергілікті сүт шаруашылығына үлкен ауыртпалық түсіріп тұрғаны мәлім. Дүкен сөрелерін де көрші елдің сүт өнімдері жаулап барады.

Бұған дейін павлодарлық зауыттар жергілікті шаруашылықтардан сүт сатып алуға лимит енгізуі мүмкін екенін, себебі, Ресейдің шекаралас аумақтарынан отандық кәсіпорындарға арзан шикізат ұсынып отырғандар барын жазған едік.

Бұл мәселеге бүгінде еліміздің тәуелсіз ұйымдары мен ірі сүт зауыттары назар аудара бастағаны байқалады.

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына Петропавлдағы «Eurasian Milk» ЖШС зауытының өкілдері арнайы келіп, кездесу өткізді.

фермерлер
Фото: Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы

Республикалық ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдары палатасы директорының орынбасары Берік Нығмашев қазір көрші мемлекеттерге өнімді Қазақстанға импорттау тиімді болып отырғанын жеткізді. Сондықтан еліміздің көптеген сүт зауыттарында өнімді өткізуде қиындықтар туындайды. Бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілерімізге теріс әсер етеді.

«Біз Павлодар облысына ұсыныспен келдік, себебі соңғы кездері бізге көптеген зауыттардан, тауарлы сүт фермаларынан сүт сатып алынбайтыны туралы көптеген сұрақтар келіп түсті. Қазір үлкен мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді, ол бойынша 2,5 пайызбен қаржыландыру беріліп отыр. Бірақ біз ертең бұл бағдарлама дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін деп алаңдаймыз. Сүтті ешкім сатып алмаса, ол кімге керек? Отандық тауар өндірушілер сүт өндіруге көп ақша жұмсайды, ал біз тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз», - деді ол.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов расында сүтті өткізу мәселесі алаңдатарлық ахуал екенін атап өтті. Жергілікті палата фермерлерге бұл тұрғыдан көмектесуде аянып қалмайтынына сендірді.

сүт
Фото: Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы

Петропавл қаласында орналасқан зауыт – «Eurasian Milk» ЖШС бас директорының орынбасары Сергей Кузьменков компания тамақ өнімдерімен байланысты үлкен холдингке кіретінін айтты.

Айтуынша, зауыт қазір өсіп, өндірісін кеңейту үстінде. Компания тәулігіне 120 тонна сүтті өңдейді, бұл көлемді екі-үш жыл ішінде одан әрі бірнеше есе арттыруға ниетті. Бұл ретте компания шикізатты ұнтақ күйінде қабылдамайтынын ескеру керек.

«Мен сүтті қазір және бірден сатып ала бастаймыз деп уәде бере алмаймын. Себебі әр фермада сүттің сапасы әртүрлі. Жеткізушілермен қарым-қатынас орнату бойынша белгілі бір ереже бар. Егер талқылауға ниет болса, біз фермаларға барып, өніммен таныса аламыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар