Петропавлдық оқушылар жарамсыз былғары заттарды кәдесыйға айналдыруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлдық оқушылар тері өңдеу өнеріне машықтанып алған. Олар былғарыдан жасалған ескі заттарды кәдеге жаратып, сөмке, қапшық және кәдесыйлар дайындайды.
Көздің жауын алатын бұйымдардың арасында безендірілген панно да бар. Бұл шағын шеберханаға түскен ескі былғары етік, күрте, сөмкелерге қайта жан бітіп, қайталанбас кәдесыйларға айналып шыға келеді, деп жазады 24.kz.
Былғарыны көркем өңдеу үйірмесінің жетекшісі Татьяна Мандрик оқушыларын қол еңбегінің құндылығына үйретеді. Сондықтан балалар өндірісі жобасын жүзеге асырды. Шеберханада жасалған бұйымдар сатылып, ақшаның бір бөлігі авторға, ал бір бөлігі іске жұмсалады.
«Оқушылар өндірістің қыр-сырына осы бастан қанығып жатыр. Ертең бірі тігінші, бірі жиһазшы болар. Сонда өздерінің біліп-үйренгендерін іске жаратады. Ең бастысы, өз қолымен жасалған бұйымның бағалы екенін түсінеді», - деді былғарыны көркем өңдеу үйірмесінің жетекшісі Татьяна Мандрик.
Жас шеберлер түрлі көрме-жәрмеңкелерге қатысып тұрады. Қазір олар 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған сыйлықтар жасап жатыр.