Пластикалық хирургия клиникаларына лицензия беру тәртібі өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларына лицензия беру тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Ұсынысқа сәйкес, пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға берілетін лицензияның қолданылу мерзімі бес жылмен шектеліп, кейін қайта тексеру жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті агенттіктің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.
— Пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдар үшін лицензияның бес жылдық мерзімін енгізу ұсынылып отыр. Тиісті заңнамалық түзетулер 2026–2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар аясында пысықталып жатыр. Бұл шара талаптарға сәйкес келмейтін медициналық ұйымдарды анықтауға және клиникалардың қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін тұрақты бағалауға мүмкіндік береді, — делінген комитет жауабында.
Қазақстанда қанша пластикалық хирургия клиникасы жұмыс істейді
Комитет мәліметінше, қазіргі уақытта «Пластикалық хирургия» кіші түрі бойынша лицензиясы бар 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 247-сі жеке меншік секторға, ал 48-і мемлекеттік секторға тиесілі.
Бұдан бөлек, 2 829 медициналық ұйымның дерматокосметология және пластикалық хирургия бағытында қызмет көрсетуге лицензиясы бар.
Клиникаларға қандай талап қойылады
Пластикалық хирургия орталықтарының қызметі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен, Кәсіпкерлік кодекспен және Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-230/2020 бұйрығымен реттеледі.
Қолданыстағы негізгі талаптар мыналар:
• «Пластикалық хирургия» бағыты бойынша мемлекеттік лицензия мен оған қосымшаның болуы;
• дәрігерлердің тиісті біліктілігін растайтын қолданыстағы сертификаттарының болуы;
• жалпы анестезия қолданылатын операцияларға білікті анестезиолог-реаниматологтардың қатысуы;
• санитариялық талаптарға сай операциялық бөлмелердің, медициналық және реанимациялық жабдықтардың болуы;
• операция алдындағы тексеру, пациенттерді қабылдау және операциядан кейінгі бақылау талаптарын сақтау;
• медициналық құжаттарды талапқа сай жүргізу және пациенттің ықтимал қауіптер мен асқынулар туралы хабардар етілген келісімін рәсімдеу.
Еске салайық, бұған дейін 2023–2025 жылдар аралығында пластикалық хирургия клиникаларына қатысты 244 шағым түскені хабарланған болатын. Жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі төрт адамның қаза болу дерегін және пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірудің бір жағдайын анықтаған.
Сондай-ақ мамыр айында пластикалық операциядан кейін болған екі қайғылы жағдай қоғам назарын аударды.
21 мамырда Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сауле Базарханның жергілікті жансыздандыру арқылы жасалған липосакция кезінде көз жұмғаны белгілі болды.
Ал 22 мамырда Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ербол Айтуовтың иек тұсындағы артық майды алу операциясынан кейін көз жұмғаны хабарланды.