Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Подкаст пен әндердегі балағат сөздер: заңға қайшы контентке қандай шара қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі подкаст, музыкалық шығарма және өзге де ойын-сауық контентінде балағат сөздер мен бейәдеп лексиканы қолдануға қатысты талаптарды түсіндірді.

документы, компьютер
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ақпарат комитетінің төрағасы Әлішер Мұқажанның айтуынша, подкаст, музыкалық шығарма және өзге де ойын-сауық контентін әзірлеп, тарату кезінде Қазақстан заңнамасының талаптары сақталуға тиіс.

– Интернет пен әлеуметтік желілерде балағат сөздер, бейәдеп лексика және қоғамдық моральға қайшы контент таратуға заңнамалық шектеулер қойылған. Министрлік бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда заң талаптарының сақталуын бақылап, ондағы контентке тұрақты түрде мониторинг жүргізеді, - деді спикер.

Министрлік ұсынған дерекке сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 10 тамызға дейін онлайн-платформаларда балағат сөздер бар 161 материал анықталған. Оның 66-сы былтыр тіркелсе, биыл 10 тамызға дейін 95 материал анықталды.

Осы кезеңде анықталған материалдардың 62-сі өшірілген.

Комитет төрағасының сөзінше, егер материал заң талаптарына қайшы деп танылса, оны өшіру немесе оған қолжетімділікті шектеу үшін онлайн-платформалардың белгіленген тетіктері арқылы тиісті хабарламалар мен талаптар жолданады.

– Қандай шара қолданылатыны анықталған контенттің сипаты мен заңда көзделген негіздерге байланысты. Ал материалда қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда тиісті шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына хабарлама жіберіледі, – деді Әлішер Мұқажан.

Айта кетейік, бұған дейін интернетте балағат сөз айтқандарға 86 мың теңге айыппұл енгізілетіні хабарланды.