Полигон 30 шақырым жерде: СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының маңындағы орман алқаптарына тұрмыстық қалдықтар төгіліп жатыр.

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбек / Kazinform

Орман ішінде үйілген қоқыста пластик ыдыстар, пакеттер, бөтелкелер, құрылыс материалдарының қалдықтары және өзге де заттар кездеседі. Кейбір учаскелерде қалдықтар орман жолының бойына, енді бірінде ағаштардың арасына тасталған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жақын маңдағы орман алқаптарында қоқыс үйінділерін соңғы уақытта жиі кездестіруге болады. Тұрғындар мұның бір себебін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының шалғай орналасуымен байланыстырады.

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

2025 жылы Бәйтерек ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жабылды. Бұл қоқыс орны елді мекен маңында бірнеше жыл бұрын заңсыз пайда болып, оған жақын маңдағы он шақты ауылдың, соның ішінде Бескөл тұрғындарының да тұрмыстық қалдықтары төгілген.

Сол кезде ауыл әкімі заңсыз қоқыс орнының жабылуына байланысты тұрғындарға Шаховское ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын уақытша пайдалануды ұсынған. Бескөлден Шаховское ауылына дейінгі қашықтық шамамен 30 шақырым.

Қоқысты қайда шығаруға болады?

Бескөл ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мусиннің айтуынша, елді мекенде тұрғындардың қатты тұрмыстық қалдықтарын жинау және шығару қызметі ұйымдастырылған. «Жаңа Қызылжар» ЖШС-мен келісімге отырып, контейнерлерді пайдалануға болады.

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

- Бескөл ауылының тұрғындары қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарын Прибрежный ауылдық округіне қарасты Шаховское ауылында орналасқан полигонға тапсыра алады. Ал ауыл маңындағы орман алқаптарында қоқыстың жиналуына жол бермеу үшін тұрақты түрде сенбіліктер өткізіліп, аумақтар, оның ішінде орман жолақтары санитариялық тазалаудан өткізіледі. Стихиялық қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары қолда бар мүмкіндіктер мен қаржыландыру аясында тұрақты жүргізіледі. Қазіргі уақытта орман алқабының аумағындағы стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмыстарына арнайы қаржы қарастырылмаған, - дейді ауыл әкімі.

Десек те, биыл Бескөл аумағын санитариялық жағдайға келтіру үшін мемлекеттік сатып алулар аясында 8,89 млн теңгеден астам қаражат көзделген. 

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Әкімдіктің мәліметінше, бұл қаражат Бескөл ауылының көшелері мен аумағындағы қоқысты шығаруға және стихиялық қалдық жиналған орындарын жоюға арналған.

Ресми мониторингте Бескөл бойынша қоқыс орны анықталмаған

СҚО Экология департаменті мамандары Бескөл ауылының айналасындағы орман алқаптарындағы қоқыс орындарының пайда болуына қатысты Kazinform тілшісінің сауалына ведомствоға рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы ақпарат немесе шағым түспегенін айтты.

Сонымен қатар биыл ғарыштық мониторинг арқылы Бескөл ауылында рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындары анықталмаған.

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

- 2021 жылдан бері облыста заңсыз қоқыс орындарын анықтау және олардың алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл үшін экологтар, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған мобильді топтар елді мекендерді аралап, тексеру жүргізеді. Алайда биыл Бескөл ауылында қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге тастау орындары анықталмады. Мұндай орындар анықталған жағдайда, оларды жою және жауапты тұлғаларды анықтап, жауапқа тарту үшін жергілікті атқарушы органдар мен полицияға тиісті шара қолдану туралы хат жолданады, - дейді СҚО Экология департаментінің басшысы Талғат Сабиев.

ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, коммуналдық қалдықтардың айналымына бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Стихиялық қоқыс үйінділерін жоюды ұйымдастыру да олардың құзіретіне жатады. 

СҚО-дағы Бескөл маңындағы ормандарда қоқыс үйінділері пайда болған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Облыста биыл 54 заңсыз қоқыс орны анықталған

Экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштық мониторингі арқылы облыс аумағында қоқыс тастайтын 54 орын анықталған. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, олардың барлығы жойылған.

Салыстырмалы түрде, 2025 жылы облыста 114, ал 2024 жылы 171 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған.

Сонымен қатар, биыл рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жөніндегі талаптарды тиісінше орындамағаны үшін департамент екі лауазымды тұлғаны жалпы сомасы 97 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Былтыр мұндай 9 дерек тіркеліп, олардың нәтижелері бойынша 6 лауазымды тұлға жалпы сомасы 206 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Бескөл маңындағы орман алқаптарындағы қоқыс орындары күннен күнге көбейіп келеді.

Бұған дейін СҚО-да заңсыз қоқыс орындарына қатысты 40-тан астам лауазымды тұлға жазаланғанын жазған едік. Прокуратураның мәліметінше, олардың барлығы дрондардың көмегімен табылған.