Полигондағы өрт: Алматы облысының трассасында көлік қозғалысы шектелді

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі Алматы облысында көлік қозғалысына уақытша шектеу қою туралы шұғыл ақпарат таратты.

Трассу в Алматинской области закрыли из-за пожара на полигоне
Фото: Видеодан скрин

2025 жылғы 19 маусым күні сағат 20:30 шамасында Алматы облысында «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» автожолының 29-38 шақырым аралығындағы учаскесінде (Байсерке көпірінен Әли көпіріне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

— Себебі жолдың бойындағы қоқыс полигонында өрт шығып, қалың түтін мен жолды көру мүмкіндігі болмай тұр. Жолды 2025 жылғы 19 маусым сағат 23:00–де ашу жоспарланған. Қозғалысты ресми түрде ашқанға дейін жолға шықпауды ұсынамыз, — делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, Алматы облысындағы ҚТҚ полигонындағы жануды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өртті жоюға ТЖД және ЖАО күштері мен құралдары жұмылдырылды

— Алакөл қаласы Әли ауылының маңында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында қоқыс өртенді. Оқиға орнында жерді қалпына келтіру, топырақпен толтыру және өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталады, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бұрын Алматы облысы Ұзынағаш ауылы маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жанып жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар