Польша фермерлері ЕО мен МЕРКОСУР келісіміне қарсы жаппай наразылыққа шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Польшалық аграршылар Оңтүстік Америкадан арзан өнімдердің жаппай ағылып келуінен қауіптеніп отыр. Бұл Еуропалық одақтағы ауылшаруашылық өнімдері бағасының төмендеуіне және жергілікті фермерлердің табысының азаюына алып келуі мүмкін, деп хабарлайды Euronews.

Польша, наразылық
Фото: Euronews

Жұма күні Польшаның түкпір-түкпіріндегі қалаларда фермерлер ЕО мен МЕРКОСУР арасындағы келісімге қарсы наразылық білдіру үшін көшеге шықты.

Варшавада елдің әр өңірінен келген демонстранттар қала орталығы арқылы жүріп өтіп, алдымен Сейм ғимаратына, кейін премьер-министрдің кеңсесіне бет алды. Бұған дейін бірнеше жүз трактор астанаға қарай жол тартқан, алайда оларды қалаға кіреберісте тоқтатты.

Euronews-ке берген сұхбатында Помор воеводствосынан (Польшадағы ең жоғары деңгейдегі әкімшілік-аумақтық бірлік) келген шаруа наразылыққа қатысушылардың не себепті ашулы екенін түсіндірді.

«Біз мұнда Еуроодақ басшылығына қарсылығымызды білдіру үшін келдік. Соңғы 20-30 жылда біз белгіленген стандарттарға сай, анағұрлым пайдалы азық-түлік өнімдерін өндіре бастадық. Ал бүгін сол Одақтың өзі барлық осы нормаларды бұзып, бізге блокқа кірмейтін елдерден және Оңтүстік Американың түрлі мемлекеттерінен тауарларды әкеле бастады», деп шағымданды ол.

Бұған дейін, жұма күні, президент Кароль Навроцкий фермерлермен Президент сарайында кездесті.

Айта кетейік, Еуропалық одақ пен МЕРКОСУР — Оңтүстік Американың бірқатар елдерін біріктіретін блок. Бұл ұйымдар арасындағы сауда келісімі Польшада және ЕО-ның басқа да елдерінде көп жылдан бері дау мен қарсылық туғызып келеді. 25 жылға созылған келіссөздерден кейін бұл келісім қазір ЕО-ға мүше мемлекеттер мен Еуропарламенттің мақұлдау сатысында тұр.

Еске  сала кетсек, бұған дейін Ұлыбританияда пабтар салықтың өсуіне наразылық ретінде саясаткерлерді кіргізбей жатқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар