Польша Қорғаныс министрлігінің қызметкері Ресей пайдасына тыңшылық жасаған

АСТАНА. KAZINFORM — Польша Қорғаныс министрлігінде ұзақ уақыт бойы қызмет атқарған ведомство қызметкері «Ресей барлау қызметінің мүддесі үшін тыңшылық жасады» деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Польша Қорғаныс министрлігінің америкалық X компаниясына тиесілі әлеуметтік желідегігі парақшасында жарияланған мәлімдемеде айтылған.

Польша
Фото: Анадолу

«Бүгін таңертең Қорғаныс министрлігінің орталық ғимаратында ведомствода ұзақ жылдар жұмыс істеген қызметкер ұсталды. Күдікті шетелдік барлау қызметімен ынтымақтастық жасаған деп айыпталып отыр», делінген хабарламада.

Тергеу жұмыстарын Әскери қарсы барлау қызметі жүргізіп жатқаны, ал процессуалдық әрекеттердің жалғасып жатқаны атап өтілді.

Польшаның Onet жаңалықтар порталының дерегінше, ұсталған адам министрліктің Қорғаныс стратегиясы және жоспарлау департаментінде орта буын қызметкері болған. Нақтылай айтқанда, ол Ресей барлау қызметінің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікке ілінген.

Onet басылымымен сөйлескен дереккөздің айтуынша, арнайы қызметтер күдіктінің қызметін бірнеше ай бойы бақылап, оның әрекеттерін мұқият құжаттап және талдап отырған. Осыған байланысты жиналған дәлелдер базасы «жеткілікті түрде мықты» деп бағаланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы Оңтүстік Кореяның бұрынғы Қорғаныс министрі мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынғанын жаздық. 

Ал былтыр Ресейде мемлекетке опасыздық жасады деп сотталғандар саны күрт өсті.

Соңғы жаңалықтар