Польша прокуратурасы бұрынғы Әділет министрін қамауға алуды бұйырды
АСТАНА. KAZINFORM — Польшаның Ұлттық прокуратурасы бұрынғы Әділет министрі Збигнев Зиоброны «Әділет қоры» ісі бойынша қамауға алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.
— Құжаттарды [Сеймнен] алғаннан кейін прокурор Збигнев Зиоброға 26 қылмыс бойынша айып тағып, оны қамауға алу және Ұлттық прокуратура ғимаратына күштеп жеткізу туралы қаулы шығарды», — делінген хабарламада.
Ішкі қауіпсіздік агенттігіне (Польша барлау агенттігі) саясаткерді қолға түсіру тапсырылды.
Зиобро жуырда ғана Будапештте болған. Ол Польшадағы заңның бұзылуына қатысты конференцияға қатысқан.
Сейм прокуратураның өтініші бойынша Зиоброны «Әділет қорындағы» заң бұзушылықтарға қатысты 26 айып бойынша қылмыстық қудалау үшін депутаттық иммунитетінен айыруға дауыс берді. Саясаткер мұнан өзге «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп айыпталып отыр. Анықталғандай, Зиоброның қалауы бойынша израильдік шпиондық Pegasus «Әділет қорының» қаражатынан сатып алынған, ол бірқатар поляк саясаткерін тыңдау үшін пайдаланылған.
Бұған дейін Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі қамауға алынды.