Porsche шығындарды азайту үшін тағы 5 мың қызметкерін қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Porsche автоконцерні «болашаққа арналған шаралар пакеті» аясында тағы 5 мың жұмыс орнын қысқартатынын мәлімдеді. Бұл туралы DW жазды.
Қысқарту шаралары компанияның Штутгарт-Цуффенхаузендегі негізгі зауыты мен оған жақын орналасқан Вайсахтағы ғылыми-зерттеу орталығын қамтиды. Қысқарту жұмыстары 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өз кезегінде компания осы мерзімнің соңына дейін өңірдегі өндірістік алаңдардың жұмысын жалғастыруға кепілдік беріп отыр.
Porsche басшылығының мәлімдеуінше, бұл кезеңде қызметкерлерді мәжбүрлі түрде жұмыстан шығару болмайды.
Компанияның хабарлауынша, жұмыс орындарын қысқарту әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына сай жүргізіледі. Яғни қызметкерлердің табиғи ауысуы, зейнетке шығуы және ерікті түрде жұмыстан кету туралы келісімдер арқылы жүзеге аспақ.
Porsche өкілдерінің айтуынша, бұл шаралардың мақсаты — компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, ұзақ мерзімде мүмкіндігінше көп жұмыс орнын сақтап қалу. Бұған дейінгі қысқарту кезеңі 2025 жылы өткен болатын. Жалпы алғанда, компания Штутгарт өңіріндегі жұмыс орындарының үштен бірінен астамын қысқартпақ.
Қызметкерлер санын азайтумен қатар, Porsche 2,1 миллиард еуро көлеміндегі инвестицияны қайта бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Рождество мерекесіне берілетін сыйақылар қысқарады, қызметкерлердің бонустары компания қызметінің нәтижелеріне тікелей байланысты болады.
Бұдан бөлек, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі айына 12 күннен 8 күнге дейін қысқартылады. Ал қызметкерлер мен басшылықтың елеулі бөлігінің жалақысы бұрынғыдай қарқынмен емес, шектеулі көлемде өсетін болады.
Мұндай шешімдер компаниядағы ұзаққа созылған қаржылық қиындықтар аясында қабылданды. 2025 жылы Porsche концернінің таза пайдасы 91 пайызға төмендеп, 310 миллион еуроны ғана құрады. Бұл үрдіс 2026 жылдың бірінші тоқсанында да жалғасқанымен, құлдырау қарқыны біршама баяулаған.
Айта кетейік, бұған дейін Porsche компаниясының табысы төмендегенін жаздық.