Португалияның қайта сайланған президентіне Н. Назарбаевтың құттықтауы табыс етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Франция мен Португалиядағы Елшісі Нұрлан Дәненов 2016 жылдың 9 наурызында Португалия Республикасының жаңа Президенті Марсело Ребело де Соуздың ұлықтау рәсіміне қатысты. Дипломатиялық корпус үшін ұйымдастырылған арнайы қабылдау аясында Елші ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Португалияның қайта сайланған президентіне құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізді.

Португалияның қайта сайланған президентіне Н. Назарбаевтың құттықтауы табыс етілді

Лиссабонға сапары аясында елші Н. Дәненов Португалияның Сыртқы істер министрі Аугушту Сантуш Силвамен жеке кездесу өткізіп, онда екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірілді. Сонымен бірге, тараптар жақын келешектегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Бұдан бөлек, елшінің Португалия Сыртқы істер министрлігі интернационалдандыру жөніндегі мемлекеттік хатшысы Жорже Кошта Оливейрамен және Еуропа істері жөніндегі департамент директоры Антонуи Коштамен кездесуі өтті. Онда екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізілді. Жүздесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды белсенді ете түсу және келісімшарттық-құқықтық базаны нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл ретте Португалия Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хатшысының ағымдағы жылдың күзіне таман Қазақстанға жоспарланған сапары аясында екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын өткізудің маңыздылығы атап өтілді.
«Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Португалияның қатысу мүмкіндігі жеке тақырып ретінде талқыланды. Айта кетерлігі, Португалия «жасыл» энергетиканы енгізудің бай тәжірибесіне ие. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша Еуропадағы көшбасшылардың бірі болып табылатын Португалия өзінің осы саладағы жаңалықтарын халықаралық көрме аясында паш етуге қызығушылық білдіруде», - делінген баспасөз баянында.