Прагада қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысы өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат - Прагада қыркүйектің 21-і мен 22-сі аралығында экономика, өнеркәсіп және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысы және оның аясында «Қазақстанның Чех Республикасындағы экономика күні» бизнес-форумы өтті,

Прагада қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысы өтті

деп хабарлайды ҚР-ның ЧР-дағы Елшілігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық делегацияны - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, Чехияның делегациясын - ЧР индустрия және сауда министрі Милан Говорка басқарды. Үкіметаралық комиссия отырысының барысында тараптар екінші отырыс шешімдерінің іске асырылу барысын қорытындылады, екі ел арасындағы түрлі салалардағы экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйіне талдау жасады. Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға, сондай-ақ Қазақстанның метрология институты мен Чехия метрология мекемесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазақстанның Чех Республикасындағы экономика күні» бизнес-форумына қатысушыларының жоғары деңгейі осы іс-шараның табысты өтуіне негіз болды. Чехия компанияларының 130-дан астам өкілдері форум жұмысына қатысты. Олардың ішінде «Шкода-авто», «Тесла», «ТТС», «Пуроклима», «ЧКД холдингі» және т.б. компаниялар бар.

Қазақстандық форумға қатысушылар чехиялық іскер топты Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері туралы хабардар етті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «СК-Фармация» АҚ қызметтерімен, туризмді дамыту перспективаларымен және көлік саласындағы концессиялық жобалармен таныстырды.