Преамбулада Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы анық көрсетілген — заңгер
АСТАНА. KAZINFORM — Халық жердің тарихи иесі болса, егемендік пен мемлекеттілікке де заңды құқығы бар. Бұл — халықаралық құқықтағы қағида. Осы тұрғыдан қарағанда, жаңа Конституция жобасы кіріспесінің өзі маңызды. Заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің жетекшісі Дана Әбдәкімова осындай пікір білдірді.
Заңгердің айтуынша, жаңа Конституция жобасының кіріспесі айрықша назар аударуға лайық.
— Әдетте, кіріспе ресми бөлім ретінде ғана қаралып, айтарлықтай маңызды дүние жазылмайды. Дегенмен, бұл жолы Ата заң алғашқы сөйлемдерден-ақ жүрекке жетті. Себебі әдеттегі құрғақ, ресми мәтін емес, мемлекеттілігіміздің бет-бейнесі, өзегі көрініс тапқан, — дейді сарапшы.
Оның сөзінше, қазақтың тарихи жерінде, атамекенінде мемлекеттілікті нығайту және Ұлы даладағы мыңдаған жылдық терең тарихқа мұрагерлік жайлы тұжырымдар аса маңызды. Өйткені, бұлар Қазақстанның тамыры тым тереңнен бастау алып, үзілмей жалғасып келе жатқанын білдіреді.
— Кіріспенің өзі Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын күлбілтелемей, ашық әрі нақты бекітеді. Негізінде, кез келген көзі ашық адамға бұл күмәнсіз ақиқат. Біздің мемлекетіміз аяқастынан пайда бола қалған жоқ. Тарихқа үңілсек, Ұлы далада әртүрлі билік институты, қоғамдық құрылым, құқықтық тәртібі бар мемлекеттер өмір сүрді. Демек, біздің жерімізде қазіргі мемлекеттік жүйеміз ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келді, — дейді Д. Әбдәкімова.
Сарапшы кіріспенің, әсіресе, халықаралық-құқықтық мәніне айрықша тоқталды.
Заманауи халықаралық құқықта елдің территориямен тарихи байланысы, яғни, жерге ежелден иелік етуі егемендікке заңды негіз екенін білдіреді. Демек, кіріспе Қазақстанды сыртқы әлемге қарсы қоймайды, керісінше, халықаралық құқықта мойындалған норманы қолданып, түсіндіреді. Мемлекеттің өз территориясы мен болашағына иелік етуге, жауапкершілік алуға заңды құқығын бекітеді.
Заңгердің айтуынша, мәтіннің мәні құқық саласындағы мамандарға ғана емес, жалпы халық үшін де құнды.
— Мен үшін заңгер ретінде ғана емес, жалпы адам, азамат ретінде де бұл өте маңызды. Өйткені, бұл — әшейін әдемі сөздер ғана емес, еліңнің мемлекеттілігі жөнінде нық сеніммен айту құқығы. Жаңа Конституция жобасының кіріспесі құжаттағы ресми, құрғақ сөз басы ғана емес. Ол күллі Ата заң мәтінінің өзегі, — деп түйіндеді Дана Әбдәкімова.
Есіңізге салайық, бұған дейін заңгерлер жаңа Конституция адам құқығын қорғау институтын нығайтып жатқаны жөнінде пікір білдірген еді.
Алпамыс Файзолла