Премьер-лига: «Елімай» мен «Жеңіс» кездесуі тағдырын жалғыз гол шешті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХV турында семейлік «Елімай» елордалық «Жеңісті» жеңіп кетті.

Кездесу барысында командалар қызықты ойын өткізді. Десе де футболшылар діттеген мақсатына жете алмай жатты. Кейбір сәтте оларға дәлдік жетіспеді. Бірінші кезеңде қақпадан саңылау табылмады.
Екінші кезеңде екі команданың да есепті өзгертуге мүмкіндігі болды. Ойынның 71-минутында Никита Корзун соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті.
Осылайша «Елімай» қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ, 28 шілдеде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл) ойнайды.
Ал «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана», «Тұран» (Түркістан) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесулері кейінге қалдырылды.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Кездесу барысында «Қайрат» сапынан Гиорги Зариа 30, Жоао Паоло 49, Вячеслав Швырев 97-минутта гол соғып кетті.