Премьер-лига: «Ордабасы» көш соңындағы «Шахтерді» әрең жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 17-турындағы тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Еурокубок ойындарымен қош айтысқан Шымкенттің «Ордабасы» командасы енді ел біріншілігіне күш салатын секілді.
Шымкенттік клуб аталған турда сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасымен шеберлік байқасты. Ойын барысында олардың қатарынан Сергей Малый 15-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан «Ордабасы» алаң иелері қақпасына алғашқы болып есеп ашты. Оны 35-минутта Джасурбек Яхшибоев өзінің еншісіне жазды.
Қарағандылық клубтан 51-минутта Милан Джокич таразы басын теңестірсе, одан кейін шымкенттік командадан Артем Беседин 58, Джасурбек Яхшибоев 60-минутта екі гол соғып кетті.
Ал «Шахтер» сапынан Дмитрий Лисакович 77-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Бұл кездесуде «Ордабасы» 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ тағы бір кездесуде қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Бұл ойында қостанайлық командадан Руй Кошта 2, Ислам Чесноков 40 (пенальти), 50-минутта гол соқты.
Енді аталған турда 20:00-де «Ақтөбе» мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.
Ал 17 тамызда «Елімай» «Тұранды» 6:0, «Қайрат» «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңді.