Премьер-министр: Әлеуметтік шығындардың тиімділігіне сұрақ көп
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қор ақшасын тек ірі инфрақұрылымдық жобаларға ғана жұмсалатынын мәлім етті.

— Ұлттық қордың қаражаты, сіз тапсырғаныңыздай, тек ірі инфрақұрылымдық объектілерді салу үшін ғана сұралатын болады. Сонымен қатар біз мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджет тәртібін нығайтамыз. Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды, әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды, — деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов соңғы 3 жылда 2,2 трлн теңгелік 770 жобаның сметалық құны қымбаттағанын, мұндай тенденцияның күмәнді жақтары да бар екенін айтты.
— Республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбі — 18 трлн теңгеден астам сома әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Ал, бұл шығындардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақ бар. 9 орталық және барлық жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік шығыстардың әкімшілері болып табылады. Бұл осы шығыстардың бөлшектеніп және оған бақылаудың босаңсып кетуіне алып келеді, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр цифрлық құралдар арқылы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаржысын бақылау күшейтілгенін атап өтті. Пилоттық режимде Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында балабақшаларды қаржыландырудың ашық цифрлық тетігі енгізілген.
— Бұл жалған мәліметтерді алып тастау есебінен 4 қаланың өзінде ғана 20 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл тәжірибе елордада енгізілуде, биылғы жылдың соңына дейін бүкіл ел аумағына таратылатын болады, — деді О.Бектенов.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.