Преторияда Елбасының ОАР-ға алғашқы мемлекеттік сапарын дайындау, Қазақстан-Оңтүстік Африка бизнес-форумын ұйымдастыру мәселелері талқыланды - ҚР СІМ

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - 10 қазанда Преторияда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай мен Оңтүстік Африка Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Ибрагимнің төрағалығымен ҚР және ОАР сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 3-ші раунды өтті.
None
None

Консультациялардың күн тәртібінің негізгі тақырыбы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ағымдағы жылғы желтоқсан айының басына жоспарланған Оңтүстік Африка Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарын дайындау және ұйымдастыру мәселесі болды.

Тараптар Елбасының сапары шеңберіндегі екіжақты келіссөздердің форматы мен тақырыбын талқылады, сондай-ақ үкіметаралық және мекемеаралық келісімдерді қол қоюға дайындау мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ықпалдастық туралы құжаттардың және түрлі салалардағы бірқатар меморандумдардың жобаларын қарастырды.

Консультациялар барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен дамыту перспективаларын, Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастығын кеңейту жоспарын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік, оның ішінде БҰҰ, Африка Одағы, Панафрика парламенті және басқа да институттар шеңберіндегі ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Халықаралық және өңірлік көкейтесті мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Консультациялардың қорытындысы бойынша сәйкес Хаттамаға қол қойылды, сондай-ақ консультациялардың кезекті раундын 2014 жылы Астанада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Оған қоса, Қ.Сарыбайдың ОАР-дың мемлекеттік органдарының және іскер топтарының жауапты өкілдерімен кездесулері өтті. Оның барысында ҚР Президентінің ОАР-ға сапары кезінде Қазақстан-Оңтүстік Африка бизнес-форумын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар