Президент ақын Валерий Михайловты 80 жасқа толуымен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
— Табиғи талантыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылық жолыңызда ерен табысқа қол жеткіздіңіз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқардыңыз. Адамгершілігі мол әрі өмірлік ұстанымдарынан айнымаған тұлға ретінде қаламгерлер арасында және қоғамда үлкен құрметке бөлендіңіз, — деп жазылған жеделхатта.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырман қызыға оқитын шығармалары төл әдеби қазынамыздың бір бөлшегі ретінде лайықты бағаға ие болғанына назар аударды.
Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Валерий Михайловты жоғары мемлекеттік наградамен марапаттағанын жаздық.