Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді
АҚТАУ. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына барған жұмыс сапары аясында Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген. Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады, — делінген хабарламада.

Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған.

Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.


Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды.