Президент «Әл-Азһар» университетінің өкілін Астанаға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесті, деп хабарлайды Ақорда.

тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін білімнің, рухани тәлім-тәрбие мен ізгіліктің шамшырағы саналатын «Әл-Азһар» университетінің абырой-беделіне Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

Президент толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың нығаюына зор үлес қосқаны, сондай-ақ ислам дінінің шынайы қағидаттарын дәріптегені үшін Жоғарғы имамға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жік-жікке бөлінген заманда осынау құндылықтардың мән-маңызы одан сайын арта түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Ахмед ат-Тайебті келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.

Әңгімелесу барысында теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті.

Соңғы жаңалықтар