Президент «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM — Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалады. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындады
Фото: primeminister.kz

— Бұдан бөлек, дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беруміз керек. Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді.

— Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады. Жалпы, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады, — деді Президент.

Бұған дейін Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдіргенін жазған едік.