Президент: Аймақтық депутаттар бюджетті бөлуге тікелей қатысады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы аймақтың көркеюіне зор серпін беретінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтеді, Халық кеңесі құрылады. Қазір Парламент «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізіп жатыр. Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады. Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласатын болады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар екенін айтты.
— Бәріңізге мәлім, биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасып жатыр. Бұл — әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі.
Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады.
Жалпы, Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы аймақтың көркеюіне зор серпін бермек. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, белсенді жұмыс істесек, барлық мақсатқа жетеміз.
Бүгінгі жиынға аймақтың беделді, белгілі азаматтары қатысып отыр. Сіздер Алматы облысының дамуына және еліміздің өркендеуіне мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Президент.
Кеңесте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын дамыту мақсатында Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар туралы, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады.
Президент ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Айта кетелік Тоқаев Алатаудың әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтуді тапсырған еді.