Президент Челябі мемлекеттік университетінің филиалы туралы келісімді ратификациялады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы «Челябі мемлекеттік университеті» филиалының жұмысын реттейтін Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды.
Қостанай филиалы аталған университеттің құрылымдық бөлімшесі саналады және жоғары оқу орнының жарғысы мен филиал туралы ережеге сәйкес жұмыс істейді.
Оқу орны Қазақстан мен Ресей заңнамаларына, сондай-ақ келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып қызмет атқарады.
Бұл жөнінде тараптар былтыр 27 қарашада Астана қаласында келісімге келген.
— Ресей Федерациясының федералдық мемлекеттік білім беру стандарттары мен федералдық мемлекеттік талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес филиалда оқыту қазақ, орыс және басқа да тілдерде жүргізіледі, — делінген құжатта.
Филиалда «экономика», «менеджмент», «құқықтану», «филология» және «лингвистика» бағыттары бойынша мамандар екі елдің заңдарына сәйкес берілетін лицензия негізінде дайындалады.
Бұған дейін Президент пәрмен бергелі елде шетелдік университеттердің филиалын ашу белең алғаны белгілі. Бұған дейін 20-дан астам өкілдік құрылса, биыл 11 филиал ашылуы тиіс. Білім беру саласындағы мұндай үрдіс салаға қалай әсер етеді, еңбек нарығында нендей өзгеріс болуы ықтимал? Осы сұрақтарға жауапты Kazinform тілшісінің материалынан оқи аласыз.