Президент Денсаулық сақтау министріне міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді етуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM - Президент Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысына денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған перспективті міндеттері жөнінде баяндалды.
Ақмарал Әлназарова өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткенін айтты. Бұл – әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы өлім-жітім 3 пайызға төмендеді. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыру, «Қолжетімді емхана» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың скринингтен өтуін жеңілдету бойынша мәлімет берді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету және оның айналымын бақылауды күшейту шаралары жүргізіліп жатыр.
2024 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы республикада – 19 пайызға, ауылдарда – 16 пайызға және орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайды.
Министр медицина қызметкерлерін қорғау шаралары жөнінде де ақпарат берді. Бұл орайда заңнаманы қатаңдатуға, дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсетуге ден қойылады.
Ведомствоның мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады.
Мемлекет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді ету, аса маңызды дәрі-дәрмектердің отандық өндірісін дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Сондай-ақ азаматтардың денсаулығын нығайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде тапсырма берді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады.