Президент Ермек Серкебаевтың мерейтойлық кешіне қатысушыларды құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр дауысы» атты мерейтойлық музыкалық кеш өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев концерт қатысушыларына құттықтау жолдады.
Президенттің құттықтау хатын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
Құттықтауда Ермек Серкебаевтың ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі екені атап өтілген. Мемлекет басшысы оның қазақ және әлемдік опералардың таңдаулы партияларын жоғары шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениеттің абыройын халықаралық сахналарда асқақтатқанын айтты.
«Әйгілі өнер перзенті Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді.
Ермек Бекмұхамедұлы біртуар әнші әрі ұлағатты ұстаз болды. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осылайша, қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды.
Дара тұлғаның ғасыр тойы – ұлттық мерей. Оның өрелі өнері, бекзада болмысы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу баршаға ортақ міндет екені анық», – делінген Президенттің құттықтауында.
Мерейтойлық кешке Ермек Серкебаевтың отбасы мүшелері қатысып, сахнада Мұрат Серкебаев, Байғали Серкебаев және Жәмилә Серкебаева өнер көрсетті.
Шығармашыл әулеттің өкілі Мұрат Серкебаев Мемлекет басшысының мәдениет саласына көрсетіп отырған қолдауына алғыс білдіріп, кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Ал музыкант әрі продюсер Байғали Серкебаев бұл мерейтойлық кештің отбасы үшін ғана емес, әкесінің шығармашылығын қадірлейтін барша өнерсүйер қауым үшін маңызды оқиға болғанын айтты.
Кеш барысында Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген шығармалармен қатар, көпшілікке танымал әндердің заманауи өңдеудегі нұсқалары орындалды.
Айта кетейік, 5 мыңға жуық оқушы Ахмет Жұбановтың «Би» күйін орындады.